Басшылық

 

Құлажанов Құралбек Сәдібайұлы Алматы технологиялық университетінің президенті

Құлажанов Құралбек Сәдібайұлы 1967 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік  университетін «Химия, органикалық катализ» мамандығы бойынша бітірген. Катализ және техникалық химия кафедрасында зерттеуші-тағылымгер қызметін атқарып,  1969 жылы аспирантураға түскен. 1972 жылы аспирантураны сәтті аяқтап, «химия ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін иеленген. 1972-1980 жж. Қ.С. Құлажанов химиялық зерттеулер зертханасының меңгерушісі, сосын – Қазақ көлік ғылыми-зерттеу және жобалау институтының пайдаланылатын материалдар мен химиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1980-1994 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалының (ЖЖТӨТИ АФ) ғылыми-зерттеу секторының бастығы, филиал директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Аналитикалық, физикалық және коллоидтік химия» кафедрасының меңгерушісі, нан өнімдері және тоқыма өнімдерінің технологиясы факультеті деканының орынбасары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және 1994 жылдан бастап ЖЖТӨТИ филиалының директоры болып жұмыс істеді. 1996 жылы ЖЖТӨТИ Алматы филиалының негізінде құрылған Алматы технологиялық институтына ректоры болып тағайындалды. 1999 жылдан 2014 жылға дейін Алматы технологиялық университетінің ректоры болып қызмет атқарды. 2014 жылдан – Алматы технологиялық университетінің президенті.

Қ.С. Құлажанов – химия ғылымдарының докторы (1995), профессор (1996), Мәскеу тағам өндірісі мемлекеттік академиясының  және Андонг Ұлтық университетінің (Оңтүстік Корея) Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Ұлттық  инженерлік ғылым академиясының және Халықаралық инженерлік ғылым академиясының, Қазақстан Республикасының Ұлттық  ғылым академиясының жоғары мектебінің және Халықаралық ғылым академиясының жоғары мектебінің академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі.

Қ.С. Құлажановтың авторлығымен 495 ғылыми еңбек жарық көрді, олардың қатарында  29 оқулық мен оқу құралы, 5 монография, 54 авторлық куәлік пен патенттің иегері. Оның ғылыми жетекшілігімен 7 ғылым докторы мен 10 ғылым кандидаты даярланды. Қ.С.Құлажановтың аса іргелі еңбектері үш рет қайта басылған екі томдық ЖОО-ларға арналған  «Аналитикалық химия» (қазақ тілінде) оқулығы: 1-ші том – «Талдаудың химиялық әдістері» және 2-ші том – «Талдаудың физика-химиялық әдістері», сонымен қатар ЖОО-ларға арналған «Физикалық және коллоидтық химия» оқулығы, ЖОО-ларға арналған қазақ тіліндегі «Биоорганикалық химия» оқулығы мен «Мұнай өңдеу үдерістерін жетілдіру» оқулығы және т.б. бар.

Қ.С. Құлажанов – ғылым мен жоғары техникалық білімнің белсенді ұйымдастырушысы, оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда жоғары талап қоятын, оқыту үдерісі мен ғылымды ұштастыруға байланысты мәселелерді тұжырымдап, шеше алатын, зерттеулерді халықаралық деңгейдің басым бағыттарына шығаруға шаралар қолданатын іскер тұлға.

Оның басшылығымен  ғылыми-зерттеу жұмыстардың көлемі жылдан жылға ұлғайып, кафедралық зертханалар мен кабинеттерді заманауй құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оқу үдерісін жалпыәлемдік кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастыру, университеттегі оқу және ғылыми үдерісінің әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етілу деңгейі өсе түсуде. Қ.С. Құлажановтың басшылығымен университетте күшті материалдық-техникалық база құрылған, академиялық және қолданбалы ғылымның өндіріспен байланысы нығайып келеді, жылдан жылға профессорлар мен оқытушылардың сапалы құрамы артып, ғылыми-білім бері қызметінің кітапханалық-ақпараттық қамтасыз етілуі, ғылыми және оқу зертханалардың заманауй құрал-жабдықтармен жабдықталуы жақсарып келеді. Алматы технологиялық университеті бүгінде тағам, өңдеу өндірісі, тоқыма және  жеңіл өнеркәсіп, қонақжайлық және қызмет көрсету индустриясы салалары үшін мамандарды, қызметтің инновациялық саласы үшін жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауда республикадағы мамандандырылған жетекші ЖОО-ға айналды.

Қ.С. Құлажановтың жоғары кәсіби білім мен ЖОО ғылымын дамыту, жоғары білікті кәсіби және ғылыми кадрларды даярлау саласындағы аса зор еңбегі Қазақстан Республикасының құрметті атақтарымен және марапаттарымен аталып өтілген, атап айтқанда: «Құрмет» орденімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Құрметті атағымен; «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Үздігі» Төсбелгісімен, «Мәдениет қайраткері» Құрмет белгісімен; «Қазақстан Конституциясына-10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерейтойлық медалдарымен марапатталған.

 

 

Құлажанов Талғат Құралбекұлы  – Алматы технологиялық университетінің ректоры 

Құлажанов Талғат Құралбекұлы  1967 жылы 22 сәуірде Алматы қаласында туылған. Жамбыл жеңіл және тағам өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалын бітірген (1991), мамандығы - инженер-технолог. Экономика ғылымдарының кандидаты (2001), техника ғылымдарының докторы (2005). Профессор (2007), Халықаралық Вена университетінің құрметті профессоры (2008), Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ұлттық инженерлік ғылым академиясының академигі, Халықаралық инженерлік ғылым академиясының академигі (Ресей), Халықаралық инновациялық технологиялар академиясының (ІАТЕ) академигі (Германия,  2007 ж.), Еуропа ректорлары клубының мүшесі, Мәскеу тағам өндірісі мемлекеттік университетінің Құрмет белгісімен марапатталған.

1991-1995 жж. – «Агат» мейрамханасының директоры, 1995-1997 жж. – «Ернұр» ЖШС-нің директоры, 1997-2001 жж. – Алматы технология және бизнес университінің проректоры, 2001-2002 жж. – Алматы технологиялық университетінің басқарма төрағасы, 2002-2007 жж. – АТУ Директорлар кеңесінің төрағасы,  2007-2014 жж. – Алматы технологиялық университетінің президенті. 2014 жылдан – Алматы технологиялық университетінің ректоры.

Т.Қ. Құлажанов тағам өнеркәсібі мәселелерін шешу саласындағы ғылыми ізденістермен және инвестициялық қызметті басқарумен табысты шұғылданып келеді. 86 ғылыми еңбегі жарияланған, олардың ішінде 25 оқулық пен оқу құралы, «Иілгіш-тұтқыр, пластикалық қоспалар ағымының негіздері», «Білім беру үдерісіндегі инновациялар» сияқты 4 монография, «Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының жабдықтары» атты оқу құралы және т.б., 6 патенттің иегері.

Т.Қ. Құлажанов ТЕМПУС бағдарламасы шеңберінде Ұлыбританияның, Нидерландтың, Оңтүстік Кореяның және Ресейдің бірқатар университеттерімен бірлесе отырып, магистрлер және философия докторларын даярлаудың халықаралық гранттары мен жобалары бойынша көптеген ғылыми зерттеулердің тең жетекшісі. Республикалық оқу-әдістемелік секциясында тағам технологиясы мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік құжаттарды дайындау және жетілдіру мәселелеріне, оқытудың несиелік технологиясын ұйымдастыруға, жоғары білімді мамандар даярлаудың жүйесі мен құрылымын жетілдіруге байланысты ауқымды жұмыстар атқаруда. АТУ-ға заманауй сапа менеджменті жүйесін еңгізу жұмыстары мен  Халықаралық Ғылыми Техникалық Орталықтың (ХҒТО)   зерттеу жобаларына дәйекті басшылық жасап келеді.

Т.Қ. Құлажановтың тағам ғылымы мен технологиясын дамытуға, олардың нәтижелерін өнеркәсіп өндірісіне зерттемелер түрінде енгізуге сіңірген еңбегі көптеген алтын медальдармен аталып өтілген.

 

 

Нұрахметов Бауыржан Құмарғалиұлы – Бірінші проректор

Техника ғылымдарының докторы, профессор

E-mail: b.nurahmetov@atu.kz

НҰРАХМЕТОВ Бауыржан Құмарғалиұлы – Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры. Техника ғылымдарының докторы (2000), профессор (2008).

1967 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Қарлығаш ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Фурманов орта мектебін күміс медалімен бітірген. 1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітіріп, ҚазКСР Ғылым академиясы Математика және механика институтында жұмыс істеді. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Механизмдер және машиналар теориясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғау арқылы күндізгі аспирантураны бітірді. 1994-2000 жж. – ҚР БҒМ Механика және машинатану институтының ғылыми, аға ғылыми және бас ғылыми қызметкері. 1999 жылы «Механизмдер және машиналар теориясы» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 2000-2002 жж. – Алматы технологиялық университетінің «Инженерлік графика және қолданбалы механика» кафедрасының меңгерушісі. 2002-2010 жж. – Қазақ-Британ техникалық университетінің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры. 2010-2011 жж. – Алматы технологиялық университетінің ғылым және жоғары оқу орнынан кейінгі білім басқармасының бастығы, 2011-2013 жж. – оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, 2013 жылдан – бірінші проректоры.

Нұрахметов Б.Қ. 100-ден астам ғылыми еңбектер жариялаған, соның ішінде 6 монография, 2 оқу құралы; 15 авторлық куәліктер мен патенттерге ие. Дарынды жас ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғылыми шәкіртақысына үш мәрте ие болған. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2013); Қазақстан Республикасы Бизнес-рейтингісінің «Сіңірген еңбегі мен табыстары үшін» медалімен (2014); ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен (2011) марапатталған. «Жоғары мектеп менеджменті» курсынан өткені туралы сертификаттың (2011); «Болон үдерісі негізгі өлшемдерінің Қазақстан жоғары оқу орындарына бейімделуі» тақырыбындағы Жазғы мектепті аяқтағаны туралы сертификаттың (2012); «Қазіргі заманғы жоғары оқу орнын басқару стратегиясы» атты семинарда оқудан өткені туралы сертификаттың (2012); KIMEP университетінің халықаралық конференциясына қатысқаны туралы сертификаттың (2012) иегері.

2000-2005 жж. – Қазақстан Республикасының Жас ғалымдары кеңесінің төрағасы. 2000-2003 жж. – ҚР ҰҒА Төралқасының және ҚР БҒМ Алқасының мүшесі. 2002-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі. Оның ғылыми жетекшілігімен бес кандидаттық диссертациялар қорғалған.

 

 

Рскелдиев Бердан Әбдәзімұлы - Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі

E-mail: berdan_r@mail.ru

Рскелдиев Б.Ә. 1974 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. 1983 жылы кандидаттық, ал 2000 жылы докторлық диссертациясын қорғаған. 2003 жылдан бастап – «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша профессор. Ашық басылымда оның 290-нан астам ғылыми еңбегі, соның ішінде 1 монография, 5 жеке кітапша, 2 оқу құралы жарияланған, 12 авторлық куәліктің және инновациялық патенттің иегері. 2009 жылы «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ өткізетін «Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша ең көп жарияланатын авторлар» номинациясында арнайы дипломмен марапатталған. Профессор  Рскелдиев Б.Ә. соңғы жылдары қызметкерлермен бірлесе ет өнімдерінің 15-тен астам жаңа түрлерін өндіріске енгізген және олар Республикалық және Халықаралық көрмелерге қойылған. Мәскеу қаласындағы 7-ші Халықаралық мамандырылған «Биотехнологиялар әлемі-2009» атты көрмеде авторлар тобы (Рскелдиев Б.Ә., Байболова Л.К., Әмірханов К.Ж.) тамақ құнарлығы аса жоғары тұзды жылқы өнімдері технологиясын әзірлегені үшін дипломға ие болды.

2010-2011 жж. өсімдік-ақуыз композициясын пайдалану арқылы қой етінен ет өнімін әзірлеп, енгізгені үшін Мәскеу қаласындағы ІХ және Х Халықаралық форумдарының Алтын медальдарымен, ет өнімінің жоғары сапасы үшін Мәскеу қаласындағы Ет өнімінің үшінші кәсіби байқауының (2014 ж.) Күміс медалімен, «Шымбұлақ» атты өнімнің инновациялық технологиясын әзірлегені үшін Алтын медальмен (2014 ж.) авторлар құрамымен марапатталған. Білім беру жүйесіндегі басқаруды жетілдіру жөніндегі халықаралық семинарға қатысушы сертификатының иегері (Сингапур, 2010 ж.).

Профессор Рскелдиев Б.Ә. 3 техника ғылымдарының докторын және 7 техника ғылымдарының кандидатын даярлаған, И. Раззаков атындағы Қырғыз МТУ кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесінің мүшесі. «Техника и технология пищевых производств» (КемТИПП), «Вестник ОмГАУ» и «Foods and Raw materials» (Россия) атты ғылыми журналдары редакциялық алқасының мүшесі болып табылады,  Семей қ. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құрметті профессоры болып сайланған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011 ж.) және «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2013 ж.) төсбелгісімен марапатталған.

 

Қизатова Майгүл Жәлелқызы - Ғылым және инновация жөніндегі проректор

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі

E-mail: m.kizatova@atu.kz
1953 жылы дүниеге келген. 1975 жылы Жамбыл жеңіл және тағам өнеркәсібі технологиялық институтының тағам өндірісі факультетін бітірген. 1976-1983 жылдары Қызылорда нан өнімдері комбинатында  комбикорм зауытының  түйіршіктеу цехының  зертхана меңгерушісі, ПТЛ басшысы, Мемлекеттік нан инспекциясының аға инспекторы, нан өнімдері комбинаты директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1983 жылы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу  институты  аспирантурасының күндізгі бөліміне түсіп, 1986 жылы Мәскеу тағам өндірістері технология  институтында  техника ғылымдарының кандидаты дәрежесінде кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты. 1988  жылдан бастап Алматы технологиялық  университетінің аға оқытушысы, доценті, технологиялық факультеттің декан орынбасары, аға ғылыми қызметкер, тағам өндірістері факультетінің деканы қызметтерін атқарды. М.Ж. Қизатова 2008 жылдың сәуір айында техника ғылымдарының докторы дәрежесінің ізденушісі ретінде 05.18.01 - дәнді, бұршақ, жарма өнімдерін, жүзім шаруашылығы және жеміс-көкөністі өнімдерді сақтау және қайта өңдеу, технологиясы мамандығы бойынша докторлық  диссертацияны  сәтті қорғап шықты.

М.Ж. Кизатова 4 техника ғылымдарының кандидатын, 18 магистрант және өңдеу өндірісінің технологиясы  бойынша 300-ге жуық бакалавр дайындады. 2 монография, 4 оқулық, 7 оқу құралы, 140-қа жуық мақалалардың авторы, Қазақстан Республикасының 11 предпатенттерінің иегері. 

М.Ж. Кизатова «Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасын дамытқаны үшін» медалімен марапатталған, ҚР БжҒМ «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік білім беру грантының иегері, ҚР қайта өңдеу өндірісінің тәжірибиесі мен ғылымына айтарлықтай үлес қосқаны үшін 2010-2012 жылдары мемлекеттік ғылыми степендияның иегері болды. Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.

 

 

Батхолдин Қалтай Сейітқажыұлы  - Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор

E-mail: k.batholdin@atu.kz

1956 жылы 28 тамызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызыл-Кесек ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Н.К. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын бітірген. 1977-1994 жылдары Семей облысы Ақсуат ауданының партиялық және қоғамдық ұйымдарында басшы қызметтерін атқарды. 1994-1998 жылдары бөлім меңгерушісі, Семей облысы Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1998 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін КОҚҒ кафедрасының аға оқытушысы. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. 2004 жылдан бастап АТУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры.

ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен, Алматы қ. әкімінің, Алмалы және Әуезов ауданы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, «Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін» ҚР Кәсіподақ федерацияларының медалімен марапатталған.

 



Яндекс.Метрика