Огюст Эскофье ізбасарларының халықаралық қауымдастығы өкілдерімен кездесу өтті


 

26 қыркүйек күні Алматы технологиялық университетінде Огюст Эскофье ізбасарларының халықаралық қауымдастығы өкілдерімен кездесу өтті. Шараны ашқан университет проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов: «Огюст Эскофье – мейрамхана әлемін түбегейлі өзгертіп, әлемдік гастрономияның дамуына айрықша үлес қосқан өткен ғасырдың ұлы аспазы. Мейрамхана өміріндегі классикалық рецептердің негізін салған Огюст Эскофье мұрасын бүгінгі күндері жалғастырырып отырған сіздерге аспаздық әлемінде зор табыстар тілеймін», - деп қонақтарға жылы лебізін жеткізді.

 

Айта кету керек, Огюст Эскофье ізбасарларының халықаралық қауымдастығы әлемнің 35 елдерінде қызмет етеді, қатарында 25 мыңнан астам мүшесі бар. Қазақстанда Қауымдастық осыдан төрт жыл бұрын құрылып, француз бас аспазшыларының білімдері мен тәжірибесін қазақстандық әріптестеріне жеткізуді мақсат тұтты.

 

Қазақстандағы Қауымдастық төрағасы Реджис Даниель француз бас аспазшыларының Қазақстанға жиі келіп, өздерінің тәжіриелерімен бөлісуге әрдайым дайын екенін жеткізді. Француз бас аспазшылары, Халықаралық қауымдастық мүшелері француз гастрономиясының даму ерекшеліктері туралы баяндап, университеттің студенттері мен оқытушыларының сұрақтарына жауап берді.

 

Бүгінде мейрамхана бизнесі саласында Францияның мектептері мен университеттері әлем бойынша алдыңғы қатарға шығып отыр, ал түлектері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Сарапшылардың пікірінше, мейрамхана менеджменті, аспаздық және сомелье сияқты салалардағы Францияның тәжірибесі Қазақстан үшін аса маңызды.

 

Кездесу барысында тараптар АТУ-да тағам өнеркәсібі мен қонақжайлық индустриясы салаларында франциялық және қазақстандық инновациялық оқыту әдістері бойынша жоғары білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады. «Бүгінде бас аспазшылар мен мейрамхана ісінің менеджерлерін даярлау саласында Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастыққа жақсы мүмкіндіктер бар және осы ынтымақтастық бағытын дамытуға әрекет жасаймыз», - деді Францияның Алматыдағы бас консулы Патрик Ренар.

 

Баспасөз конференциясы аяқталуымен Алматы технологиялық университеті мен Огюст Эскофье ізбасарларының халықаралық қауымдастығы арасында екі жақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Тараптар бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы бірлескен жобалар табысты іске асырылатынына сенім білдірді.

 

 АТУ Медиа орталығы



   
   
   
Яндекс.Метрика